Елімізді өрттен қорғау жүйелерін жобалау мәселелері

960
Елімізді өрттен қорғау жүйелерін жобалау мәселелері
Васина И. А.
Автор журнала "Охрана труда. Казахстан", вице-президент, начальник отдела АО «Научно-исследовательский институт пожарной безопасности и гражданской обороны» МЧС РК
Өрт мемлекетке үлкен демографиялық және материалдық нұқсан келтіруді жалғастырады. Талдау олардың алдын алу әдiстерiн әзірлеуге көмектеседi

Қазақстан экономикасының әртүрлі салаларында жаңа инновациялық, жоғары технологиялы өндірістердің шоғырланып, дәстүрлі өндіріс салаларының қайта құрылысы мен жетілдірілуі, жаңа өндіріс қуаттарының жасалуы жүзеге асырылып жатқан жағдайда өрт және жарылыс қауіпті өндірістер мен технологиялық үдерістердің орын алып, өрт қауіпті жүктерді тасымалдау көлемінің ұлғайып, өрт тудыру қасиеті бар жаңа заттар мен материалдарды қолдану аясының кеңіп жатқаны айқын. Мұның барлығы ықтимал өрт туғызу көздерінің көбеюіне, ірі өрттердің, техногендік авариялардың және апаттардың туындау қаупінің күрт өсуіне апарып соғады, сондай-ақ азаматтардың өмірі мен денсаулығына орасан зор қауіп келтіреді. Бұл орайда әсіресе күрделі инженерлік құрылыстар (атом және тағы басқа электр станциялары, мұнай және газ құбырлары, көлік жүйелері),  әлеуетті қауіпті өндірістер мен ірі өнеркәсіптік объектілер орналасқан, табиғи-климаттық жағдайы күрделі аймақтар осал болып келеді.

Үшін қаупін төмендету

Өрт туындау қаупін және оның аса зиянды факторларының адамға әсерін төмендету үшін өрттерді болдырмауға және олар келтіретін шығынды төмендетуге бағытталған экономикалық, әлеуметтік, ұйымдастырушылық, ғылыми-техникалық және құқықтық шаралар кешенін әзірлеп, қабылдау қажет.

Қазақстанда қолданылатын нормативтік құқықтық қорда жекелеген шаруашылық жүргізу объектілерінің, кәсіпорындарының және өнеркәсіп салаларының өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері реттеледі. Алайда ірі қалалар болсын, шағын ауылдар мен кенттер болсын, қандай да бір елді мекендердің және жалпы еліміздің өрт қауіпсіздігі жүйелерін жобалау және жасау мәселелері күні бүгінге дейін реттелмеген. Бұл салада жекелеген нормативтер ғана бар, ал қолданыстағы әдістер мен модельдер өрт қауіпсіздігі жүйесін жобалаудың біртұтас мемлекеттік әдістері жиынтығында қамтылмаған.

Еліміздің өрт қорғанысы жүйесінің қағидалары мен әдістерін әзірлеудің өзектілігі Қазақстанда бүкіл әлемдегідей қала тұрғындарының саны, өнеркәсіптік, экономикалық және ғылыми-техникалық әлеуеттің қарқынды өсіп жатқанымен; қалаларда материалдық және мәдени құндылықтардың аса көп шоғырлануымен шартталады. Кенттену үдерісінің қарқындауы қалаларда өрт туындау жағдайларының барған сайын көбейіп, олардан келетін әлеуметтік-экономикалық және экологиялық залалдың ұлғаюына әкеліп соғуда. Техникалық ілгерілеу нәтижесінде, бір жағынан, біздің қоршаған ортамыздың, біз өмір сүретін ортаның өрт қауіптілігі артса, екінші жағынан, өртпен күресудің әдіс-тәсілдері мен құралдары жетілдірілуде. Осы екі үдерістің табиғи әрі объективті даму қарқындылығын екіншісі мүмкіндігінше біріншісінен озатын немесе ең болмаса одан кейін қалмайтындай дәрежеге жеткізудің маңызы зор. Өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету жүйесінің стратегиялық міндеті осы болуы тиіс.

Өрттерден сенімді түрде қорғану үшін өрт қауіпсіздігі жүйесін тиімді түрде ғылыми-техникалық жобалауды ұйымдастыру қажет, ол үшін оның критерийлерін белгілеп алып, параметрлерін негіздеу керек.

Өрт қауіпсіздігі жүйесі 

ҚР ТЖМ «Өрт қауіпсіздігі және азаматтық қорғаныс ғылыми-зерттеу институты» АҚ 2012 жылы «ТЖ саласындағы қолданбалы ғылыми зерттеулер» бағдарламасы аясында «Қазақстан Республикасының өрт қауіпсіздігін ғылыми-техникалық жобалау бойынша зерттеулер жүргізу және жүйесін әзірлеу» ҒЗЖ тақырыбын іске асыру жұмысын бастады.

Жұмыстың мақсаты өрт қауіпсіздігі жүйесінің ең маңызды элементтерін зерттеп, өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету проблемасын шешудің ғылыми негізделген әдіснамасын жасау, өрт жағдайын талдау негізінде елді мекендерде мемлекеттік және мемлекеттік емес өртке қарсы қызметтерді құрудың, оларды жарақтандырудың критерийлерін әзірлеу, ел дамуының әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерінің өрт туындау жағдайларына әсерін зерттеу, сондай-ақ, қазіргі ақпараттық технологияларды қолданып, математикалық модельдеу және ұтымды басқару әдістерімен республикадағы өртке қатысты жағдайды болжау болып табылады.

Қойылған мақсатты іске асыру үшін

Осы алға қойылған мақсатты іске асыру үшін:

  • ұйымдастырушылық-құқықтық, нормативтік, ғылыми-техникалық және әдістемелік әдебиеттерді; оперативтік ахуал және өртке қарсы қызметтердің қызметі бойынша эмпирикалық ақпаратты; Қазақстанның аймақтары бойынша өрт жағдайлары, өрт қауіпті өндірістер мен технологиялық процестердің ерекшеліктері және аймақтардың әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері туралы статистикалық ақпаратты жинап, талдау;
  • өрт қауіпсіздігі жүйесінің ең маңызды элементтерін зерттеудің, өртке қатысты ахуалды болжаудың математикалық модельдерін жасап, оларды қазіргі заманғы ақпараттық технологияларды қолдана отырып есептеу техникасы құралдарының көмегімен іске асыру;
  • еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуының әртүрлі параметрлерінің ҚР-дағы өрт жағдайына әсерін зерттеуді жүргізу;
  • алынған ақпаратты талдау және өңдеу негізінде мемлекеттік және мемлекеттік емес өртке қарсы қызметтерді құру критерийлерін әзірлеу;
  • ҚР-дағы өртке қарсы қорғаныс ахуалының дерекқорын және өрт туындау қаупі мен оның ықтимал салдарларын бағалау картасын әзірлеу;
  • ғылымға негізделе отырып, ҚР-ның өрт қауіпсіздігін ғылыми-техникалық жобалау жүйесін реттейтін нормативтік құқықтық және әдістемелік құжаттарды әзірлеу.

Кейбір зерттеу нәтижелерін келтірейік.

Елімізде өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесін шешуге арналған өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету жүйесі (бұдан әрі қарай – ӨҚҚЖ) бар. ӨҚҚЖ құру мен оның қызмет атқаруының негізгі мақсаты азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын, заңды мүдделерін қорғау, өрт туындау қатерін төмендету, өрт сөндіру кезінде күштер мен құралдарды жедел жұмылдыру шараларының тиімділігін арттыру болып табылады. Қазіргі кезде ӨҚҚЖ жүйесінің барлық негізгі кіші жүйелері мен блоктары бар және олар қызмет атқаруда. Сонымен бірге оларды біртұтас әрі қатаң жүйе аясында біріктіріп, сол жүйенің жекелеген элементтерінің жұмысын оңтайландыру қажет. Қызметті жетілдіру жұмысы ең алдымен республикадағы өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету жүйесін талдауға негізделеді.

Қазірдің өзінде ӨҚҚЖ-нің өрттер санын және олардың ауыр салдарларын төмендетуге септігін тигізетін жұмыс бағыттарын бөліп көрсетуге болады. Бірінші кезекте оларға өрттердің алдын алу кіші жүйесін жетілдіру кіреді, атап айтқанда:

  • жаңа элементті енгізу, ол – өрт туындау қатерлерін және өрт қатерлерін басқару тетіктерін бағалау. Бұл орайда өрт қауіпсіздігі деңгейін сапалық тұрғыдан бағалаудан оны сандық тұрғыда бағалауға ауысу, ең күрделі объектілер топтарын және нормалар мен талаптарды бұзушылықтың ең жиі кездесетіндерін айқындау, сондай-ақ өрт қатерлерін төмендету жөніндегі іс-шараларды әзірлеу барынша күтілетін нәтиже болып табылады;
  • азаматтар жүйенің белсенді элементтері болып табылатындықтан, халыққа өрттердің алдын алу мен өрт кезіндегі нақты іс-әрекеттер бойынша теориялық білім негізін беру қоғам қызметінің аса маңызды бағыттарының бірі болып табылады. Бұл мәселенің әсіресе ауылдық жерлер үшін маңызы зор;
  • республикадағы өртке қатысты ахуалды модельдеу және болжау өрттердің алдын алу жүйесінің маңызды элементі болып табылады.

Жетілдіру және оңтайландыру

ӨҚҚЖ қызметінің тағы бір бағыты – өрт туындау кезінде жедел іс-әрекет ету кіші жүйесін жетілдіру және оңтайландыру, оған өрттерді және олардың салдарларын жою қызметі жүктеледі. Қазақстанда бұл қызметті Мемлекеттік өртке қарсы қызмет (бұдан әрі қарай – МӨҚҚ) атқарады.

МӨҚҚ бөлімшелерінің қызметі кез келген сәтте, кез келген жағдай туындағанда, сол жағдайдың сипатына сай күштер мен құралдарды жұмылдырып, әрекет ететіндей ұйымдастырылуы тиіс. Бұл орайда негізгі екі шектеу орындалуы тиіс:

  •  өртке қарсы қызметтің күштері мен құралдары шақырылған жерге уақтылы, яғни өрт дамуының физика-химиялық заңдылықтарымен айқындалған рұқсат етілген уақыт ішінде баруы тиіс;
  •  өртке қарсы қызмет күштері мен құралдарының жалпы саны артық болмауы тиіс, яғни экономикалық тұрғыда негізделуі керек.

Осыған байланысты өртке қарсы қызметтің жалпы жұмыс көлемін, оның уақыт шеңберінде өзгеру үрдісін бағалай білу, өртке қарсы қызметтің жұмыс істеу үдерісінің негізгі параметрлері мен заңдылықтарын, сондай-ақ өрттің еркін даму уақытын айқындайтын физика-химиялық заңдылықтарды білу қажет. Сонымен қатар МӨҚҚ қызметінің тиімділігі мен жедел әрекет ету уақытына: өрт бөлімшелерінің орналасқан жерлері, бөлімшелердің арнайы техникамен, құрал-жабдықтармен, қорғаныс және байланыс құралдарымен жарақтандырылуы, жеке құрамның даярлық және оқытылу деңгейі, нормативтік-техникалық және әдістемелік қордың болуы, – әсер етеді.

Математикалық моделі

  ӨҚҚЖ-нің математикалық моделін әзірлеуге елдегі өрттерді статистика тұрғысынан зерттеу, өртке қарсы қызметтердің қызметін тереңдете талдау, сондай-ақ аймақтардың өрт қауіптілігін талдау негіз болуы тиіс.

Өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету жүйесінің ең маңызды элементі республикадағы өртке қатысты ахуалды болжау болып табылады. Осы болжау да статистикалық деректерді өңдеу нәтижелеріне, заманға сай ақпараттық технологияларды (гис технологиясын, компьютерлік модельдеу технологиясын т.с.с.) пайдалануға негізделуі тиіс. Мысалы, ҒЗЖ орындау барысында іске асыру жоспарланып отырған Өрттердің туындау қатері мен оларды бағалаудың республикалық картасын әзірлеу ТЖ алдын алу жүйесін жетілдіруге септігін тигізеді, атап айтқанда, мамандар мен тұрғындар өрттер мен өзге де ТЖ туындау қаупі аса жоғары болып табылатын аймақтар туралы ақпарат алып отырады.

Өрт статистикасы

Өрттерді алдын-ала талдау нәтижесінде әлемнің жалпы халық саны 7 млрд-қа жуық адамды құрайтын 220-дан астам елде әрбір сағат сайын өрт салдарынан 8 адам қаза тауып, ондаған адамдар мүгедек болатынын, ал баспанасыз қалатындардың саны одан көп болатыны анықталды. Дүниежүзілік өрт статистикасы орталығының деректері бойынша 1993-2009 жж. аралығында 2,7 млн-нан 4,5 млн-ға дейін өрт тіркеліп (барлығы 67,5 млн өрт тіркелген), 0,9 млн адам олардың құрбаны болған. аса дамыған 20елде жыл сайын өрттен келген залалдар мен олармен күрес жүргізуге жұмсалатын шығындар бүкіл ІЖӨ-нің шамамен 0,1-0,3%-ын құрайды екен. Сонда бүкіл әлемнің экономикасы жылдың 3-4 күнін өрт туындатқан шығындардың орнын толтыру үшін ғана істейді екен. Әлемнің бір де бір елін өрттен толық сақтандыруға болмайтыны – түсінікті жайт, біздің республикамыз да бұл орайда ерекше емес.  

Өрттердің саны мен олар келтіретін залалдың мөлшері экономиканың энергия сыйымдылығы мен тұрмыста және өндірісте өрт қауіпті заттар мен материалдардың болуына ғана емес, халық санына да байланысты болып келеді.

Тұрғын үй қоры

2012 жылғы өрттер статистикасының мәліметтері бойынша республикада 16904 өндірістік және тұрмыстық өрт орын алып, олардың нәтижесінде 521 адам қаза тауып, 599 адам жарақаттанған, ал материалдық залал 5035,9 млн тг-ден астам болған.

Өрттер санының Қызылорда облысында 49%-ға; Қостанай облысында 32%-ға; Ақтөбе облысында 29%-ға; Алматы облысында 28%-ға; Батыс Қазақстан облысында 21%-ға; Ақмола облысында 16%-ға; Солтүстік Қазақстан облысында 16%-ға; Жамбыл облысында 13%-ға; Атырау облысында 11%-ға; Павлодар облысында 11%-ға; Астана қаласында 26%-ға; Алматы қаласында 12%-ға артқаны байқалуда. Бұл орайда өрт кезінде қаза тапқан адамдар санының: Алматы облысында 38%-ға; Ақмола облысында 37%-ға; Қостанай облысында 37%-ға; Жамбыл облысында 33%-ға; Шығыс Қазақстан облысында 17%-ға; Қызылорда облысында 15%-ға; Павлодар облысында 13%-ға; Астана қаласында 11%-ға өсуі тіркелген.

2011 жылғы деректер бойынша өрт туындайтын объектілер негізінен тұрғын үйлер болып табылады, олар барлық өрттердің 69,3%-ға жуығын құраса, өрттердің 13,7%-ы көлік құралдарына, 3,2%-ы сауда объектілеріне келеді екен. Сондай-ақ ашық аумақтарда (далада, шабындықтарда, жайылымдарда т.с.с.) пайда болатын өрттердің саны да едәуір.

2011 жылы республика аумағындағы тұрғын үй секторында орын алған 10534 өрттің 6198-і (58,8%-і) қалаларда, ал 4336-сы (41,2%-ы) ауылдық жерлерде болған. Және де республикада орын алған өрттердің жалпы санының 53%-ы бір қабатты жеке меншік тұрғын үйлерде туындап, олардың нәтижесінде 336 адам (қайтыс болғандардың жалпы санының 67%-ы) қаза тапқан. Осы санаттағы құрылыстарда туындаған өрттердің көбісі 50%-ы (5152 оқиға)қалаларға келеді екен, ал олардың нәтижесінде қайтыс болған адамдардың саны 179 адамды (35,7%) құраған. Ауылдық елді мекендерде болған өрттер 49,8%-ды (5118 оқиғаны) құрап, онда 157 адам қаза тапқан (бұл (31,3%-ды құрады).

Тұрғын үй секторында қаза тапқан  457 адамның 275-і (60,2%-ы) қалада болса, 182-сі (39,8%-ы) ауылда болған.

Бұл орайда қала тұрғындарының жалпы саны 8961,4 мың адамды (елдің бүкіл тұрғындарының 54,5%-ын), ал ауыл тұрғындарының саны 7480,6 мың адамды құрайтынын атап өту керек.  

 Тұрғын үй секторындағы өрттерге байланысты оперативтік ахуалдың қатты шиеленісін туындататын объективті себептерге тұрғын-жай қорының жоғары дәрежеде тозуын жатқызуға болады: әдетте өрттердің 60%-нан астамы аса ұзақ уақыт бойы пайдаланылып келе жатқан ескі және көнерген үйлерде, олардың қора-қопсыларында туындайды.

Сонымен бірге адамдардың өрт кезінде апат болуының негізгі себебі адам факторы болып табылады: тұрғындардың отпен абайсыз іс-әрекеті – республикадағы жалпы өрттердің 41,4%-ы; электр құрал-жабдықтарын монтаждау мен техникалық пайдалану ережелерін бұзушылық – 18,9%; пешпен жылыту құрылғысын орнату мен пайдалану кезінде өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзушылық – 13,6%. Анықталған өрт қою жағдайларының саны шамамен 10,7% құрайды.

Өрт статистикасы орталығының (CTIF) деректері бойынша 2008-2009 жж. Қазақстан 100 мың тұрғынға келетін өрттер саны ең көп елдер бестігінің құрамына кірмегенімен, өкінішке қарай өрт кезінде апат болғандардың саны бойынша соңғы орында да болған жоқ. ТМД елдері бойынша келтірілген деректермен салыстырғанда, Қазақстанда өрттер мен өрт кезінде қаза тапқандардың саны Ресей Федерациясындағыдан үш есе, ал Украинадағыдан екі есе кем.

Статистикалық талдау көрсеткендей, 2011 жылы өрттер мен өрт кезінде апат болғандар санының төмендегенін көрсетті, алайда 2012 ж. өрттер саны 11,3%-ға, онда зардап шеккендер саны 6,1%-ға, ал келтірілген материалдық шығын 5,6%-ға артқан.

Оқыс апатты құбылыс болып табылатын өрттердің туындау жағдайлары жалғасуда және олар мемлекетке орасан зор залал келтіруде. Тұрақты үрдісті анықтау үшін өрттер мен олардың салдарларын кемінде 5-10 жыл бойы неғұрлым терең талдау қажет. Өрттер бойынша деректерді зерттеу мақсатында біз орын алған өрттер туралы сауалнаманы әзірлеп, аймақ-аймақтарға жолдадық. Бұл орайда ауылдық жерлердегі өртке қатысты ахуалды талдауға баса көңіл бөлінетін болады, себебі бұдан бұрын ондай терең талдау жасалмаған болатын.

Қазақстан Республикасының аумақтық бөлінісіне қысқаша тоқталып өтейік. 2724900 мың ш. км құрайтын Қазақстанның аумағында 2940 қалалық қоныс және  142203 ауылдық елді мекен орналасқан.

Қазақстанда 87 елді мекен қала, 3-еуі республикалық маңызы бар қала, 38-і облыстық және аудандық маңызы бар қала мәртебесін иеленсе, 59 қала 50 мың халқы бар шағын қалалар санатына жатқызылған. Республика халқының 56%-ы қалаларда тұрады. Қарағанды облысында қалалар саны ең көп (11). Әрине, өрттердің көпшілігі Қазақстан халқының жартысынан астамы тұратын қалаларда орын алып отыр.

Кейбір аймақтарда, атап айтқанда: Оңтүстік Қазақстан, Алматы, Маңғыстау, Атырау, Жамбыл және Қызылорда облыстарында – халық санының едәуір өсімі байқалуда. Негізінен ауыл шаруашылығымен айналысатын Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Ақмола облыстарында халық санының кемуі көрініс табуда. Өрттерге байланысты ахуалды болжау, өрт деполарын жобалау мен оларды орналастыратын жерлерді және олардың жеке құрамының санын белгілеу кезінде халықтың аймақтар бойынша бөлінуі мен халық саны өзгеруінің динамикасын талдау, сонымен қатар халық санының 2015-2020 жж. дейін өсімін болжауды қолдану қажет, сондай-ақ аймақтардың дамуының негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерін ескеру керек.

Экономикалық даму тұрғысында өнеркәсіптік өнімдерді шығару көлемі бойынша республиканың өнеркәсіптік дамуы барынша жоғары болып табылатын аймақтарға Атырау, Қарағанды, Павлодар, Маңғыстау, Батыс Қазақстан облыстары жатады, ал Қостанай, Алматы, Оңтүстік Қазақстан, Ақмола облыстарында экономиканың ауылшаруашылық салалары басым болып келеді.  Сонымен қатар объектілер мен аймақтардың өрт қауіптілігі аймақтағы экономиканың даму деңгейіне де байланысты болғандықтан, МӨҚҚ бөлімшелерінің саны мен жарақтандырылуын негіздеуде критерийлерді әзірлеу кезінде оны да ескеру керек.

Зерттеудің қазіргі кезеңінде қатерлерді бағалау және басқару тетігі аймақтардың өрт қауіпсіздігіне, сондай-ақ өртке қарсы қызметтердің жедел қызметіне тікелей немесе жанама әсерін тигізетін факторларды барынша ескеруге мүмкіндік беретін тетік болып табылатындығы айқындалды.

Тәуекелді талдау әдістемесі

 Қатерді талдау әдіснамасы ақыр соңында шешім қабылдайтын тұлғаларға бағытталған және ол шешім қабылдау кезінде ғылыми қолдауды қамтамасыз ететін сандық бағалауларды жүргізуге көмектесетін құрал болып табылады.

Өрт қатерлерін басқару сол қатерлердің мәндерін рауалы (қабылдарлық) деңгейлерге дейін кемітуге мүмкіндік беретін (инженерлік-техникалық, экономикалық, әлеуметтік, ұйымдастырушылық және өзге де сипаттағы) іс-шаралар кешенін әзірлеу мен іске асыруды білдіреді. Сонымен, аймақтардағы өрт қатерлерін бағалау мен басқару тетігін Қазақстан Республикасындағы өрт қауіпсіздігін жобалау жүйесінің математикалық моделін әзірлеудің негізі ретінде қабылдауға болады.

Бүгінге дейін атқарылған жұмысты қорыта келе, өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету жүйесін әзірлеу жөніндегі ғылыми зерттеулердің бұдан кейінгі өзекті бағыттарын бөліп көрсетуге болады:

1.        Өрттердің туындауындағы тұрақты үрдісті анықтау үшін өрттер мен олардың салдарларын кемінде 5-10 жыл бойы неғұрлым терең талдау қажет.

2.        Статистикалық зерттеулерді елдегі өртке қатысты ахуалға қалай да болса әсер етуі ықтимал әртүрлі (әлеуметтік-экономикалық, демографиялық, табиғи-климаттық т.с.с.) жағдайлар тұрғысынан өткізу мақсатқа сай келеді.

3.        Әлемдік деректермен толығырақ салыстырып, талдау қажет, әсіресе өрттер саны барынша кем болып отырған елдердегі өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесінің талдауын жасау керек.

4.        Өрттер мен өртке қарсы қызметтердің жұмысы туралы әлемдік статистика халық өрттен барынша қорғалған және өрттердің саны барынша кемітілген елдердің бар екендігін көрсетті, мысалы, Чехияны атап өтуге болады, оның аумағының 7%-ы ғана өрттен қорғалмаған. Сол елдердегі өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету жұмыс тәжірибесін терең зерттеу қажет.

5.        Елді мекендерде өрт бөлімшелерін құруды есептеп шығару әдістемесін және оларды құру критерийлерін әзірлеу үшін Қазақстанның аймақтарға (облыстарға) әкімшілік-аумақтық бөлінуі, демографиялық ахуалы көрсеткіштерін бағалап, елді мекендердің өрттен қорғалу дәрежесіне ықпалын айқындау керек. Сонымен қатар елді мекендердің инфрақұрылымының талдауын жасап, МӨҚҚ қызметін талдауды да жалғастыру қажет.

6.        МӨҚҚ сандарын және өрт деполарын орналастыратын жерлерді есептеп шығару кезінде ескерілуі тиіс ерікті өртке қарсы топтардың рөлі мен орнын зерттеу керек.

7.        МӨҚҚ бөлімшелері жеке құрамының (инспекторлар құрамын, өрт сөндіру қызметінің) және олардың техникалық жарақтандырудың санын есептеп шығарудың критерийлерін анықтау жөнінде зерттеулер жүргізілуі тиіс.

8.        Нормативтік құқықтық құжаттар болғанымен, елімізде өртке қарсы қызмет аумақ пен халықты толық қорғауды қамтамасыз етпейді. Шалғай орналасқан елді мекендер мен тұрғындар саны 5000 адамнан кем елді мекендерді қоса, елді мекендерде өртке қарсы қызмет бөлімшелерін құруды есептеп шығару әдістемесін әзірлеп, критерийлерін анықтау қажет.

9.        ҚР-ның «Өрт қауіпсіздігі туралы» заңына сәйкес және өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында ауылдық жерлерде өрт сөндіруді ұйымдастыру жөнінде кеңестер әзірлеу керек.

10.    Белгілі бір елді мекендердің табиғи-климаттық, географиялық және уақыт жағдайларын ескере отырып, МӨҚҚ жұмысын өрт сөндіру бөлімшесінің әрекет ету уақыты мен қызмет көрсету радиусы бойынша толық зерттеу қажет.

11.    ӨҚҚЖ жетілдіру іс-шараларын әзірлеу кезінде шет елдердің тәжірибесін ескеру мақсатқа сай болып табылады. 

Дереккөз: «Қазақстанда еңбекті қорғау»   



Подписка на статьи

Чтобы не пропустить ни одной важной или интересной статьи, подпишитесь на рассылку. Это бесплатно.

Участвуй в наших семинарах

Школа

Проверь свои знания и приобрети новые

Записаться

Самое выгодное предложение

Самое выгодное предложение

Воспользуйтесь самым выгодным предложением на подписку и станьте читателем уже сейчас

Живое общение с редакцией


Рассылка






© 2007–2016  «Кадры и охрана труда  МЦФЭР - Казахстан» 

Все права защищены. Полное или частичное копирование любых материалов сайта возможно только с письменного разрешения редакции  «Кадры и охрана труда МЦФЭР - Казахстан». Нарушение авторских прав влечет за собой ответственность в соответствии с законодательством РК.

По вопросам подписки обращайтесь:        +7 (727) 323-62-12, 323-62-13

По вопросам клиентской поддержки тел.:  +7 (727) 237-77-04


  • Мы в соцсетях