Қауіпсіздік менеджменті және еңбекті қорғау ауыл шаруашылығында ҚР

455
Каирбеков А. К.
Автор журнала "Охрана труда. Казахстан", старший научный сотрудник РГКП «РНИИОТ Министерства труда и социальной защиты Республики Казахстан», г. Астана
Қазақстан Республикасы еңбек заңнамасының ауыл шаруашылығында еңбекті қорғау бойынша белгілеген талаптарын меншік нысандарына қарамастан барлық ауыл шаруашылық кәсіпорындары орындауға міндетті.

Жұмыс беруші өз кәсіпорнында еңбекті қорғау жөніндегі бұл талаптарды орындауды тікелей ұйымдастыруы және бақылауы тиіс, олар ауылшаруашылық кәсіпорнында  өнім өндіруге қатысатын барлық өндірістік үдерістер мен жабдықтарға қолданылатын технологиялық және пайдалану құжаттарын жасау кезінде есепке алынулары тиіс.

Қауіпті және зиянды факторлар ауыл шаруашылығында

Ауыл шаруашылығында пайдаланылатын машиналар мен тетіктер қайта жабдықталған жағдайда техникалық құжаттама алмастырылады, ал қайта жабдықтау үдерісінің өзі тиісті нормаларға жауап беруі тиіс.

Өндірісте әйел еңбегі қолданылған жағдайда бұл жайт еңбек заңнамасын қатаң сақтауға негізделуі тиіс. Ауыр, зиянды және қауіпті жұмыстарда әйелдердің еңбегін пайдалануға тыйым салынады. Бұл жұмыстар ауыр жұмыстар мен еңбектің зиянды және қауіпті жағдайлары бар жұмыстардың тізбесінде келтірілген.

Жұмыс беруші қызметкерге қауіпті және зиянды өндірістік факторлардың (физикалық, химиялық, биологиялық, психофизиологиялық) әсерін болғызбайтын барлық іс-шараларды алдын ала қарастыруы тиіс (1 кесте).

1 кесте

Ауыл шаруашылығындағы қауіпті және зиянды өндірістік факторлар

Физикалық

  • қозғалыстағы машиналар мен тетіктер;
  • өндірістік жабдықтардың жылжымалы бөліктері;
  • орын ауыстырылатын бұйымдар, дайындамалар, материалдар;
  • жұмыс аймағы ауасының шамадан тыс шаңдануы мен газдануы;
  • жабдықтар, материалдар беттерінің жоғары немесе төмен температурасы;
  • жұмыс аймағы ауасының жоғары немесе төмен температурасы;
  • жұмыс орнындағы шудың жоғары деңгейі;
  • дірілдің жоғары деңгейі;
  • ауаның жоғары немесе төмен ылғалдылығы;
  • ауаның жоғары немесе төмен қозғалғыштығы;
  • электр тізбегіндегі кернеудің жоғары мәні, оның тұйықталуы адам денесі арқылы өтуі мүмкін;
  • статикалық электр тогының жоғары деңгейі;
  • жарықтың аса жарқындығы;
  • жарық ағынының жоғары пульсациясы;
  • ультракүлгін радиацияның жоғары деңгейі;
  • инфрақызыл радиацияның жоғары деңгейі;
  • дайындамалар, аспаптар мен жабдықтардың беттеріндегі өткір жиектер, қылауықтар мен кедір-бұдырлық;
  • жұмыс орнының жер бетімен (еденмен) салыстырғанда айтарлықтай биіктікте орналасуы;
  • салмақсыздық.

Химиялық

  • адам ағзасына әсер ету сипатына қарай:
  • уытты;
  • тітіркендіруші;
  • секемшіл;
  • канцерогенді;
  • мутагенді;
  • ұрпақты болу функциясына әсер етуші;
  • адам ағзасына мыналар арқылы өту жолдары бойынша:
  • тыныс алу мүшелері;
  • асқазан-ішек жолы;
  • тері жабындары және шырышты қабықшалар.

Биологиялық

  • патогенді микроағзалар (бактериялар, вирустар, риккетсиялар, спирохеттер, саңырауқұлақтар, ең қарапайымдар) мен олардың тіршілік қарекетінің өнімдері.

Психофизиологиялық

  • физикалық асқын жүктемелер:
  • статикалық;
  • динамикалық.
  • жүйкелік-психикалық асқын жүктемелер:
  • ақыл-ойлық аса қауырттылық;
  • талдауыштардың аса қауырттылығы;
  • еңбектің бірсарындылығы;
  • эмоциялық асқын жүктемелер.

Ауыл шаруашылығында еңбекті қорғаудың заманауи менеджменті: ауыл шаруашылық өнімін өндіру кезінде барлық техникалық және технологиялық үдерістердің еңбекті қорғау ережелері мен нормаларына және басқа нормативтік құқықтық актілерге сәйкес келуі тиіс екендігін талап етеді. Бұл ретте барлық қауіпті кәсіптік тәуекелдерден озып кететін қауіпсіз өндіріске қол жеткізілуі тиіс.

Сондықтан ауыл шаруашылығы өнімі өндірісінің технологияларын әзірлеу және қолдану кезінде еңбекті қорғауды басқару жүйесінің негізделген ғылыми-әдістемелік ережелерін сақтау өте маңызды. Қауіпті немесе зиянды өндірістік факторлары мүлдем жоқ немесе олар жол берілетін нормалар шектерінде болатын агрохимиялық және биологиялық заттар ғана қолданылуы тиіс. Бұл қағида ауылшаруашылық дақылдарының тұқымдарына да қолданылады.

Өсімдік шаруашылығында жүзеге асырылатын барлық өндірістік үдерістер өрт қауіпсіздігі мен жарылыс қауіпсіздігі нормалары мен ережелеріне сәйкес келуі тиіс. Барлық технологиялық жабдықтар жұмыстың біркелкі және қауіпсіз ырғағын қамтамасыз ететіндей дәрежеде жүктемеленуі тиіс. Жабдықтар мен техниканы орналастыру олардың өзара соқтығысуы мен қызметкерлердің демалыс аймағына шығып кетуіне мүмкіндік бермеуі тиіс.

Нормалары және қауіпсіздік ережесі

Жүк тиеу-түсіру жұмыстары кезінде қол еңбегін қолдану мүмкіндігін болдырмайтын немесе барынша азайтатын қауіпсіз тәсілдер қолданылуы тиіс. 

Қызметкерлерді жұмыс орнына және кері қарай тасымалдау мамандандырылған техникада – автобустар мен олармен адамдар тасымалдауға рұқсат етілген басқа да көліктік құралдарда жүзеге асырылуы тиіс. Көліктік жұмыстарды орындау кезінде бұл үшін белгілі бір тәртіппен белгіленген жол жүрісі ережелерін сақтау міндетті.

Қар тоқтату, топырақты өңдеу, суландыру жұмыстары, тұқымдарды себуге дайындау, егу, өсімдіктер мен бақшаларды күту, пестицидтерді қолдану, егін жинау, өнімді егін жинаудан кейінгі өңдеу белгілі тәртіппен бекітілген технологиялық және техникалық құжаттаманың талаптарына сәйкес келуі тиіс.

Объектілер – оларда жөндеу жұмыстары орындалатын ғимараттар мен құрылыстар  барлық бекітілген ережелер мен талаптарға сәйкес келулері тиіс. Егер жаңа жұмыстарды орындау кезінде машиналар мен тетіктердің сынуы мен басқа да ақаулықтары пайда болса, онда оларды мамандандырылған бригадалар арнаулы аспаптармен және жабдықтармен жөндеуі тиіс.

Тракторларды, ауылшаруашылық машиналары мен басқа да ауылшаруашылық жабдықтары мен мүлкін сақтау тек арнаулы үй-жайларда (қоймаларда) ғана жүргізілуі тиіс.

Шикізат пен дайын өнім осы үшін арнайы жабдықталған қоймалық үй-жайларда сақтау стандарттарына сәйкес сақталуы тиіс.

Өсімдік және мал шаруашылық өндірісі кезінде жұмыс істейтін барлық техникалық құрылғылар мен жабдықтар, оларды қосу, орнату мен пайдалану, сондай-ақ электр қондырғыларын пайдалану нақты құрылғыны және қондырғыны техникалық пайдалану ережелерінің талаптарына сәйкес жүргізілуі тиіс.

Әрбір жұмыс орны оның пайдалану және техникалық құжаттамасына сәйкес келуі тиіс.

Егерде қандай да бір техникалық операцияны бірнеше қызметкер орындаса, онда олардың арасында көз көретін және дыбыстық байланыс жүзеге асырылуы тиіс.

Егер өсімдік шаруашылығындағы жұмыстар жылдың суық уақытында орындалатын болса, онда қызметкерлер жергілікті жердің табиғи-климаттық жағдайларына сәйкес, үсітіп алуға қарсы бағытталған іс-шараларды сақтаулары тиіс.

Егін даласындағы жұмыстарды: тырмалауды, егу мен егілген тұқымды таптауды, өсімдіктер мен жеміс ағаштарын қатараралық өңдеу, егін жинау, жер жырту мен басқа да топырақ өңдеуді орындау кезінде – агрегат күймешігінде шаңданудың туындау мүмкіндігін болдырмайтын немесе оны барынша азайтатын іс-шаралар қабылдануы тиіс. Химиялық заттармен жұмыс істеу кезінде еңбекті қорғау жөніндегі нұсқаулықтарда баяндалған қауіпсіздік шараларын сақтау ерекше маңызды.

Ауыл шаруашылығында химиялық заттар: пестицидтер, гербицидтер, минералдық және органикалық заттар, әртүрлі қышқылдар, сілтілер, улағыштар және басқалар қолданылады. Олардың бәрі адам денсаулығы үшін қауіпті.

Ауылшаруашылық өсімдіктерін себу мен отырғызу дәндік, аңыздық, дән тыңайтқыш, мамандандырылған, көкөністік сепкіштермен, картоп отырғызу машиналарымен және басқалармен жүргізіледі. Бұл техникаға отырғызу материалын, сондай-ақ тыңайтқыштар енгізуге арналған машиналарды  жүктемелеу еңбекті қорғау талаптарына сәйкес құралдармен жүзеге асырылуы тиіс.

Егер трактор агрегаттары мен егін жинау машиналарына техникалық қызмет көрсету тәуліктің түнгі уақытында жүргізілсе, онда бұл жұмыстар жүргізілетін алаңдарды жарықтандыруды ұйымдастыру қажет. Жұмыс аймағының кез келген нүктесіндегі жарықтандырылу дәрежесі нормаларға сәйкес келуі тиіс.

Пішен дайындау кезінде  маяларда және үй-жайларда кептіруге арналған желдету қондырғылары пайдаланылады. Желдету белсенді атмосфералық немесе жылытылған ауа ағынының көмегімен жүргізіледі. Бұл қондырғылар белгіленген тәртіппен бекітілген, қоса берілетін пайдалану құжаттарының талаптарына сәйкестендіріліп қана пайдаланылуға енгізілуі тиіс.

Сүрлем шұңқырларына сүрлем салуды тәуліктің күндізгі уақытында ғана жүргізуге рұқсат етіледі. Егер мұндай қажеттілік бар болса, онда жұмыстар кешке қарай немесе түнде жүргізіледі, бұл ретте сүрлем шұңқырының барлық беті мұқият жарықтандырылған болуы тиіс.

Жылдың суық уақытында трактор (немесе өздігінен жүретін басқа машина) жылылау құралдары, жылыту жүйелері, жылыланған күймешігі  және т. б. бар болған кезде ғана пайдаланылады. Үсік жүрулер басталғанға дейін ауыл шаруашылығында жылдың суық уақытындағы қауіпсіз жұмысты қамтамасыз ететін іс-шаралар жүргізілуі тиіс. Егер шығарылатын газдар үй-жайдың шектерінен шықпайтын болса немесе желдету жүйесі бұзылса,  қозғалтқышты жабық үй-жайда іске қосуға жол берілмейді.

Өсімдік шаруашылығы

Жылыжайлар мен көшетханаларда жұмыстар жүргізу белгіленген ережелер бойынша және талаптарға сәйкес жүзеге асырылуы тиіс. Қызметкерлердің басқарушылық үдеріс кезектілігінің өзін бұзуының салдарынан қауіпті жағдаяттар туындау тәуекелін толықтай болдырмайтын барлық сыртқы факторлардың әсер етуін есепке алумен, оның барлық кезеңдерінде технологиялық үдерісті сенімді және қауіпсіз басқару қамтамасыз етілуі тиіс.

Егер ауылшаруашылық құралымында технологиялық үдерістерді басқару пульті бар болса, онда олар жабдықты басқару жөніндегі операциялардың белгіленген сабақтастығы туралы ақпараттың қажетті құралдарымен (жазбалар, сұлбалар мен басқа да бірге берілетін ақпарат) жабдықталған болуы тиіс. Барлық технологиялық кешендер, сондай-ақ жеке пайдаланылатын өндірістік жабдық белгіленген тәртіппен пайдалану құжаттамасымен толықтырылуы тиіс. Бұл құжаттарда жабдықты пайдалану, оны құрастыру мен бөлшектеу кезінде орын алуы мүмкін қауіпті жағдаяттар туындау тәуекелін болдырмау жөніндегі белгілі бір ережелер болады.

Зиянды және қауіпті жұмыстарда белгіленген нормалар бойынша арнаулы киім, аяқ киім мен өзге де жеке қорғану құралдары берілед. Жеке қорғану құралдарын алудың алдында ауылшаруашылық қызметкерлері оларды қолдану бойынша нұсқамадан өткізіледі. Нұсқамаға қорғану құралдарын пайдалану ережелерімен таныстыру, олардың ақаусыздығын тексеру әдістерін меңгеру кіруі тиіс. Қажет болған кезде қорғану құралдарын қолдану жөнінде жаттығу өткізіледі.

Ауылшаруашылық кәсіпорнында мал шаруашылығы мен өсімдік шаруашылығы өнімінің өндірісі бойынша жұмыстарды жүргізу кезінде еңбек заңнамасына және ішкі еңбек тәртіптемесінің ережелеріне сәйкес еңбек және демалыс режімі белгіленеді.  Бұл ретте еңбек пен демалыс уақытының кезектесуі бүкіл ауысым ішінде ұтымды болуы, өндіріс жағдайларымен, жұмыстың сипатымен, оның ауырлығымен және қауырттылығымен анықталуы тиіс. Ауылшаруашылық қызметкерлерінің демалуы үшін арнаулы үй-жайлар қарастырылуы тиіс.

Қауіпсіздікті арттыру мақсатымен барлық өндірістік жабдықтар белгіленген мерзімдерде техникалық қарап-тексеруден тұрақты өткізілуі тиіс. Егер конвейердің қозғалатын бөліктеріне қызметкерлердің қолжетімділігі орын алса, онда ол қоршаулармен және тиісті экрандармен жабдықталуы тиіс.

Өсімдік шаруашылығы өнімін оны қайта өңдеу және сақтау орындарына тасымалдаудың бүкіл үдерісі қауіпсіздік пен өндіріс технологиясының талаптарына сәйкес келуі тиіс, олар белгіленген тәртіппен бекітіледі. Астыққа және оны қайта өңдеу өнімдеріне арналған сыйымдылықтарда қызметкерлердің сыйымдылыққа құлап түсуін болдырмайтын торлар, жүктесіктер сияқты қорғаныс құралдары орнатылуы тиіс.

Ауылшаруашылық өнімін тасымалдау және сақтау кезінде пайдаланылатын ыдыс еңбекті қорғау жөніндегі барлық нормалар мен талаптарға жауап беруі тиіс. Мөлшерлеу, салу және қаптамалау үшін қолданылатын жабдықтар өндірісте белгіленген талаптарға сәйкес пайдаланылуы тиіс.

Ауылшаруашылық кәсіпорнында жұмыс беруші немесе техникалық жай-күйге жауапты тұлға бекіткен, қауіптілігі жоғары жабдықтарды жөндеу мен техникалық қызмет көрсетудің жылдық графиктері жасалуы тиіс.

Жөндеу және басқа техникалық жұмыстарды жүргізу үшін  арнайы жабдықталған үй-жай қажет. Бұл ретте техниканы жөндеу және қызмет көрсету бойынша жұмыстар технологиясының жасалған жоспарына сәйкес құрылғылар, айлабұйымдар мен өзге де жабдықтар пайдаланылады.

Өсімдіктерді химиялық қорғауға арналған машиналарды пайдаланудың алдында олардың техникалық байқауын, реттеуін, қажет болған кезде – сенімді жөндеуді жүргізу қажет. Машинаның сапалы және қауіпсіз жұмысқа қабілеттілігі тексеріледі. Бұл кезде кәдімгі суды, ал химикаттардың орнына – зиянсыз ұнтақты (бор, жол шаңы) пайдаланады. Аспаптардағы барлық сақтандыру жазбаларының бар екендігін тексеру, ал олар жоқ болған кезде – оларды міндетті түрде қалпына келтіру қажет. Машиналардың негізгі тораптарын жыл сайын куәлендіру және пісірілген жапсарлардың сенімділігін тексеру үшін оларға жұмысшы қысыммен гидравликалық сынақтар жүргізу керек (барлық шаралар машиналарды пайдалана бастаудың алдында жүргізіледі).

Машинаға пестицидтер толтыруды сорғыларды, эжекторлар мен басқа да құрылғыларды пайдалану арқылы,  жабық тәсілмен жүргізуге рұқсат етіледі. Еңбек қауіпсіздігі мақсаттарында пестицидтері бар сыйымдылықтарды тұрақты қадағалап тұру қажет. Олардағы толтырылған көлемді деңгейөлшегішпен ғана бақылау қажет. Жүктесікті ашуға, цистернаға үңіліп қарауға, егер оларда сүзгі жоқ болса, онда бүріккіштерді толтыруға үзілді-кесілді тыйым салынады.

Ешқандай жағдайда пестицидтердің киім мен терінің ашық жерлеріне түсуіне жол беруге болмайды. Теріге пестицид түскен жағдайда оны дереу кетіру, ал терінің зақымданған жерін сабынмен мұқият жуу қажет.

Өсімдіктерді химиялық қорғауға арналған машинада терезелері нығыз жабылатын, ақаусыз күймешікте жұмыс істеуге болады. Бұрылыс кезінде жұмыстық ерітіндіні беруді тоқтата тұрған жақсы, өйткені бұл ретте ауада зиянды заттардың неғұрлым көп мөлшері пайда болады. Мүмкін болатын ең жоғары жылдамдықпен қозғалған жақсы, өйткені жылдам жүрген кезде машина химиялық заттардың тозаңдану аймағына азырақ тап болады. Мұндай агрегатта жұмыс істеген кезде жеке гигиена ережелерін мұқият сақтау қажет: темекі тартпау, тамақ жемеу, жұмыс аяқталғаннан кейін міндетті түрде су рәсімдерін қабылдау.

Арнаулы киімді жұмыстар аяқталғаннан кейін залалсыздандыру және арнайы бөлінген жерде сақтаған жөн. Машиналар да басқа ауылшаруашылық техникасынан бөлек, арнаулы алаңшаларда сақталуы тиіс. Өсімдіктерді қорғау бойынша барлық жұмыстар аяқталғаннан кейін машиналарды залалсыздандыру қажет. Оларды мұқият залалсыздандырғаннан кейін де машиналардың сұйыққоймаларын басқа мақсаттар үшін пайдалануға тыйым салынады.

Жұмыс кезінде ол бұл операцияны қажетсінбейтін адамдарға, жайылымдар мен көршілес учаскелерге түспес үшін, шаң толқынының бағытын қадағалау қажет. Егер желдің бағыты өзгеретін болса, онда тозаңдандыру немесе бүрку жұмыстарын тоқтату керек.

Комбайндағы жұмыс кезінде  комбайншыда  арнаулы киім, барлық қажетті қорғану құралдары болуы тиіс. Техникалық қарап-тексеруді, реттеуді, жөндеу мен басқа да техникалық операцияларды комбайнның өшірілген қозғалтқышы кезінде ғана жүргізуге рұқсат беріледі. Ешқандай жағдайда бастырғыштың астында немесе бастырғыш көтерілген кезде комбайнның астында жұмыстар жүргізуге болмайды.

Мал шаруашылығы

Мал шаруашылығы қызметкерлері еңбегін қорғау талаптары барлық ауылшаруашылық кәсіпорындарына қолданылады. Бұл талаптар мал шаруашылығы өнімі өндірісінде пайдаланылатын әртүрлі тетіктермен, агрегаттармен, электр қондырғыларымен және т. б. жұмыс істеу кезіндегі, еңбек заңнамасында регламенттелетін қызметкерлер еңбегін (және де бәрінен бұрын әйелдердің) қорғау кезіндегі еңбек қауіпсіздігі ережелеріне негізделген, сондай-ақ мал шаруашылығы қызметкерлерінің еңбегін  әртүрлі биологиялық тәуекелдерден қорғауға да қолданылады.

Мал шаруашылығы өнімі өндірісінде әйелдер еңбегі пайдаланылады. Сондықтан ауылшаруашылық жұмыстарында әйел еңбегін қолдану жөніндегі талаптар мен ережелерді сақтау маңызды.

Мал шаруашылығының барлық қызметкерлері қолданыстағы заңнамаға сәйкес міндетті медициналық тексеріп-қараудан өткізілулері тиіс.

Мал шаруашылығы кәсіпорны өндірістік аймағының құрамына мал ұстауға, жем-шөп сақтауға арналған ғимараттар, қи сақтауға арналған құрылыстар, инженерлік имараттар кіреді.

Ірі қара малға арналған ғимараттар мен құрылыстарды  технологиялық және санитарлық нормалар бойынша жобалау қажет. Мал шаруашылығы фермасында пайдаланылатын көліктік құралдар техникалық құжаттама талаптарына жауап беруі, ақаусыз болуы және трактор агрегатын басқару құқығын беретін құжаты бар қызметкермен басқарылуы тиіс.

Жүк тиеу және жүк түсіру жұмыстары сала үшін әзірленген барлық талаптар мен ережелерге жауап берулері тиіс. Сиырларды саууға арналған жабдықтар техникалық құжаттама талаптарына сәйкес келуі тиіс. Құбыржолдар қымталған, зақымданбаған болулары тиіс. Егер мал шаруашылығы кәсіпорнында тоңазыту қондырғысы пайдаланылатын болса, онда құрастыру мен пайдалану кезінде техникалық талаптар мен қауіпсіздік ережелерін сақтау қажет.

Ферма аумағында орналасқан қи қоймалары, қоймалжың жинағыштар, қазаншұңқырлар, құдықтар, шұңқырлар қызметкерлер мен ферманың жанына тап болған адамдарды қорғау мақсатымен міндетті түрде қоршалуы тиіс.

Іске қосу батырмалары, тұтқалар, шаппалар олардың кездейсоқ іске қосылу ықтималдығы туындамайтындай етіп, орналастырылуы тиіс. Бұл құрылғылардың орналасуы қолайлы және пайдалану кезінде қауіпсіз болуы тиіс.

Машиналардың шынжырлы, тісті және айқартопсалық және белдіктік берілістері, біріктіру муфталары осы жабдыққа арналған техникалық құжаттама талаптарына сәйкес қоршалған болулары тиіс.

Мал шаруашылығы фермасының барлық жабдықтары, машиналары, қондырғыларын белгіленген мерзімдерде тиісті мамандар қарап-тексеріп тұрулары тиіс. Қарап-тексеру, реттеу, жөндеу мен техникалық күтімге байланысты басқа да жұмыстар кезінде тетіктер мен машиналарды тоқтату, электр қондырғыларын қоректендіру көзінен ажырату және барлық жетектік белдіктерді алып тастау қажет.

Жаңа жабдықты құрастыру мен пайдалануға қосу кезінде  оның техникалық сипаттамаларының қоса берілетін құжаттамадағы көрсеткіштермен сәйкестігін мұқият салыстыру қажет. Бұл ретте қорғаныстық қоршаулар мен айлабұйымдардың бар екендігі мен ақаусыздығы тексеріледі. Қажет болған кезде қосымша қоршаулар мен айлабұйымдар орнату мақсатқа лайық болады.

Мал шаруашылығы фермасында өз жабдығы құрастырылатын жағдайда ол еңбек қауіпсіздігі бойынша санитарлық және техникалық талаптарға жауап беруі тиіс.

Мал шаруашылығы фермасының барлық қызметкерлері алдын ала және мерзімдік міндетті медициналық тексеріп-қараулардан өткізілулері тиіс.

Мал шаруашылығы фермаларында жылжымалы және жерүстілік көлік пайдаланылады. Аспалы рельстік жолдар мен тасымалдағыштарды құрастыру кезінде мынадай талаптарды сақтау қажет:

1) олар болған кезде вагоншалардың өздігінен қозғалысқа келуі мүмкін жол еңістігіне жол бермеу;

2) арқалықтардың, тірек бағандарының ақаусыздығын, аспа бекітілуінің мықтылығы мен сенімділігін қадағалау.

Тасымалдағышты қарап-тексеру, реттеу, майлау, тазарту, оның шынжырын тарту, жөндеу үшін оны алдын ала қоректендіру көзінен  ажырату, яғни толықтай тоқтату қажет.  

Тасымалдағыштың барлық жетектік және тарту құрылғыларында арнайы жабдықталған қоршаулар болуы тиіс. Өтпелер мен науа қақпасын мүмкіндігінше қалқандармен жабдықтау қажет. Қидың көлбеу тасымалдағышқа өтуіне арналған жүктесіктерді болат құбырлардан жасалған қоршаулармен жабдықтау қажет, олардың биіктігі 1,6 м-ден астам биіктікті құрауы тиіс. Тасымалдағышты іске қосу кезінде онда бөгде заттардың жоқ екендігіне көз жеткізу керек.

Егер мал шаруашылығы фермасында тоңазытқыш қондырғылар бар болса, онда оларды пайдалану кезінде мынадай талаптарды басшылыққа алу қажет. Мұндай қондырғыларға арнаулы дайындықтан өткен және тиісті куәлігі бар, жасы 18-ге жеткен қызметкерлер ғана қызмет көрсете алады. Мал шаруашылығы фермасында тоңазыту қондырғысы оған орнатылған манометрлер мен вакуумметрлер техникалық жағынан ақаусыз және Мемстандарт пломбысы болған жағдайда ғана пайдаланылуы мүмкін.

Мал шаруашылығы фермасының жабдықтары автоматтық құрылғылармен жарақталуы мүмкін, олардың ақаулы-ақаусыздығын жылына бір реттен кем емес тексеріп тұру қажет.

Қашықтықтық құрылғылардың ақаусыздығын күн сайын тексерген жөн. Ақаулы автоматтық аспаптарды пайдалануға үзілді-кесілді тыйым салынады.

Кернеуі 12 в-тен көп электрлік тасымал шамдарды пайдалану кезінде компрессорлар мен аппараттардың ішкі бөліктерін қарап-тексеру өткізілетін жағдайда электр шамдарын қалталық немесе аккумуляторлық шамдармен алмастыруға болады. Бұл жұмыстарды жүргізу кезінде ашық отты пайдалануға, темекі тартуға үзілді-кесілді тыйым салынады.

Мал шаруашылығы фермасындағы сауу қондырғыларына қызмет көрсетуге олардың құрылысын және оларға техникалық күтім жасау ережелерін жақсы білетін қызметкерлер жіберіледі. Сауу қондырғыларын бапқа келтіру, жөндеу мен техникалық күтім жасауға байланысты барлық жұмыстар электрқозғалтқыш желіден ажыратылғаннан кейін ғана жүргізілуі тиіс. Сауу қондырғысын пайдаланудың алдында оның тораптары мен бақылау аспаптарының ақаусыздығына көз жеткізу қажет. Егер қондырғы ақаулы болса, онда оны қосуға тыйым салынады. Сауу қондырғысына тиісті тәртіппен қорғаныс қоршауларын орнату қажет. Фермада ыстық суды пайдалану кезінде абай болу қажет.

Агрегаттың электр кәбілдері мен сымдарының оқшауламасы бүтін, зақымданбаған және мүмкін болатын механикалық зақымданулардан қорғалған болуы тиіс. Электркүштік қондырғыларды, вакуум-сымды белгіленген тәртіппен жерлендіру қажет. Сауу қондырғысын жерлендірусіз пайдалануға тыйым салынады.

Егер мал шаруашылығы фермасында қандай да бір күшті әсер ететін жуушы, залалсыздандырушызаттар мен басқа да химиялық заттар пайдаланылса, онда қызметкерлер қажетті жеке қорғану құралдарымен қамтамасыз етілуі тиіс. Бұлар резеңке қолғаптар, етіктер, алжапқыштар мен басқа да арнаулы киім болуы мүмкін.

Вакуумдық қондырғы орналасқан үй-жайда қандай да бір бөгде заттарды сақтауға тыйым салынады.

Фермада сужылытқыштар пайдаланылған кезде олардың оқшаулағыштары мен жылу реттегіштерінің ақаусыздығын мұқият қадағалау қажет. Ақаулықтар бар болған кезде сужылытқыштарды пайдалануға тыйым салынады.

Фермада пайдаланылатын сужылытқыштың тұрқы жерлендірілуі тиіс. Іске қосу құрылғыларының қаптамалары мен сымдары бар құбырлар міндетті түрде жерлендіріледі.

Ыстық су шығаратын құбырларда шұралар мен басқа да бөгеу құрылғыларын орнатуға тыйым салынады.

Фермадағы электр қондырғыларына қызмет көрсетуге арнаулы дайындығы және оны растайтын құжаты бар қызметкерлер жіберіледі. Өндірістік персоналды электр тогының соғуынан қорғау үшін басқарудың тарату қалқаншаларының тұрқын, қалқаншалар мен күштік шкафтар тұрқын жерлендіру қажет. Электрқозғалтқыштар мен электрлендірілген машиналардың тұрқылары, сондай-ақ электржылытқыштардың тұрқылары, яғни іске қосу, қорғаныс және реттеуші тетіктердің барлық өндірістік электрлік тораптары міндетті жерлендіруге жатады.

Жануарлар өтетін жерлерде, мысалы, фермаға кіретін жерде, қыдырту алаңшаларындағы  кірер жерлерде  және т. б. жерлендіруді жүргізуге болмайды.

Жерүстілік жерлендіруші сымдардың барлық қосылыстары жақсы жылытылатын жерде орналастырылуы, қарап-тексеру үшін қолжетімді, кездейсоқ механикалық зақымданулар мен мүмкін болатын химиялық әсер етулерден (мысалы, жерлендіруге төгілген бояулар) қорғалған болулары тиіс.

Фермада кернеуі 220 В люминесцентті шамдарды қолдануға оларда кездейсоқ жанасу үшін қолжетімсіз ток жүргізуші бөліктер бар болған кезде ғана рұқсат етіледі.

Егер фермада электрлік шарбақ пайдаланылса, онда оны жарықтандыруға арналған электр желісіне қосуға тыйым салынады. Электрлік шарбақ қоректендіруді кернеуі 6 В-тен көп емес аккумуляторлық батареялардан алуы тиіс. Далалық жағдайлардағы ылғалды ауа райы кезінде, шарбақ аппаратының пульсаторында кернеу болған кезде оны ашуға тыйым салынады. Пульсаторды қосу ол электр шарбағының сымына тиісті тәртіппен қосылған кезде ғана мүмкін болады.

Шарбақты реттеу, техникалық қарап-тексеру мен жөндеуді ол толық ажыратылғаннан кейін ғана жүргізуге болады. Арнаулы сақтандырушы айлабұйымдарсыз кернеуі бар шарбақты түзетуге тыйым салынады.

Ірі қара мал байланып та, байлаусыз да ұсталуы мүмкін. Байлап ұстау жағдайында байлау берік және жеткілікті еркін болуы тиіс. Бұл талап қызметкерлердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуді сақтау, сондай-ақ жануардың қозғалыстарын тарылтпау және оның мойнын тартпау үшін қажет. Егер жануар сүзеген болса, онда мал дәрігерінің рұқсатымен оның мүйізін алып тастау керек. Қолмен саууды жүргізу кезінде кездейсоқ жарақаттануды болдырмас үшін жануардың құйрығын оның аяғына байлап қойған жөн. Қызметкер сиырларды қолмен сауу кезінде отыратын орындық берік және ақаусыз болуы тиіс. Фермада бұзаулар топтап емізу әдісімен өсірілетін жағдайда емізетін сиырлар ретінде сүзеген немесе асау жануарларды пайдалануға болмайды.

Бұқа-өндірушілер олардың кездейсоқ шығып кетуіне жол бермеу үшін, кең және міндетті түрде берік жеке қоршауларда ұсталуы тиіс. Бұқаларды екіжақты байлау ережесі бойынша екі металл шынжырмен байлаған жөн. Шынжырлардың өздерін қарғыбауға байлау қажет, ол астына белдік немесе киіз салынатын темір шынжырдан жасалады.

Қызметкерлердің гигиена ережелерін сақтауы:

  • малшылардың еңбек жағдайлары мен тұрмысының жақсаруына;
  • қызметкерлер денсаулығын сақтауға;
  • жұмыс қабілеттілігін арттыруға;
  • ауыл шаруашылық жануарларының арасында жұқпалы аурулардың таралуынан сақтандыруға септігін тигізеді.

Мал шаруашылығының әрбір қызметкері қажетті арнаулы киіммен және аяқ киіммен, сондай-ақ жеке қорғану құралдарымен қамтамасыз етілуі тиіс, олар жұмыс жағдайларына қарай қолданылады. Арнаулы киім аптасына 2–3 рет ауыстырылуы және үй киімінен бөлек үй-жайда сақталуы тиіс.

Мал шаруашылығы фермасы жылыланған және ағындық-сорып шығару желдетілуімен жабдықталуы тиіс, алайда фермада өтпе желдер болуы тиіс емес. Жоғары ылғалдылыққа, зиянды газдармен газданғандыққа, нашар жарықтандырылуға жол беруге болмайды. ВЫстық және суық су әрқашанда бар болуы тиіс. Ферма қызметкерлеріне арналған ауызсу тек қана қайнатылған болуы тиіс.

Әрбір малшы өз жұмыс орнын, өз мүлкін  таза, күтіп ұстауы, тамақты – киімді ауыстырып киіп, жеке үй-жайда ішуі тиіс. Сауынша сүт сауудың алдында қолдарын сабындап, жылы сумен жууы тиіс. Сауу кезінде қызметкер қолдарымен сиырдың денесін ұстамауы, өз бетіне (әсіресе көздерге) қол тигізбеуі, ауызын немесе мұрнын сүртпеуі тиіс.

Адамдар мен жануарларға ортақ болып табылатын жүзден астам ауру белгілі. Олардың туындау себебі әдетте микробтар, вирустар, зеңдер, паразиттік құрттар және басқалар болып тьабылады. Адамның жануардан жұқтыруы әртүрлі жолдармен жүруі мүмкін, олардың ішіндегі негізгісі – адамның ауру жануармен тікелей жанасуы.

Малдәрігерлік және медициналық қызметтердің көмегімен адамдар мен жануарларға ортақ аурулармен ауыру мүмкіндігі толықтай жойылуы тиіс. Әсіресе бұл заманауи жағдайларда, әртүрлі аурулардың – құс гриппі вирусы, сиырдың құтыруы, аусыл, туберкулез, топалаңның жайылуы туындаған кезде ерекше өзекті. Бұл аурулардың бәрі де жануарлар үшін де, адамдар үшін де аса қатерлі. Сондықтан мал шаруашылығы кешендерінде еңбек қауіпсіздігі шараларын неғұрлым толықтай жүзеге асыру үшін малдәрігерлік іс-шараларға ерекше маңыз беріледі.

Жөндеу-техникалық жұмыстар

Жөндеу-техникалық жұмыстар мен ауылшаруашылық техникасына қызмет көрсетуді жөндеу-механикалық зауыттар, автомобильдер, тракторлар мен басқа да ауылшаруашылық техникасына техникалық қызмет көрсетудің жөндеу техникалық кәсіпорындары (пункттері), жөндеу шеберханалары мен цехтары жүзеге асырады.

Жөндеу кәсіпорындарының ғимараттары негізінен үлгілік, көпшілігі 60-80-жылдары салынған. Жөндеу шеберханаларының құрылымы әртүрлі мақсаттағы, толық кешенді машиналарды немесе егін жинау бірліктерін күрделі жөндеуге, жаңа бұйымдар шығаруға немесе оларды қалпына келтіруге мамандандырылған өндірістік цехтардың кешені болып табылады.

Үлгілік жөндеу шеберханасы мынадай цехтардан құралады:

  • ұсталық,
  • аккумуляторлық,
  • пісіру,
  • сілесірлік,
  • механикалық,
  • қозғалтқыштық,
  • баптаушылық,
  • жылулық аппаратураны жөндеу.

Ауылшаруашылық кәсіпорындарының жөндеу шеберханалары, агроөнеркәсіптік кешен жүйесінің жөндеу зауыттары мен жөндеу-техникалық кәсіпорындары өздерінің өндірістік әлеуеті бойынша барлық техника мен технологиялық жабдықтарды егін жұмыстарының маусымдарына өз уақытында дайындауды қамтамасыз етті. Машинажасау өніміне деген бағалардың өсуіне, оның сандық және сапалық өндірісінің азаюына, ауылшаруашылық өндірушілерінің  қаржылық қиын жағдайына  байланысты жаңа техника сатып алу шұғыл қысқарды. Қосалқы бөлшектерге, жөндеу материалдары мен энергия тасымалдауыштарға деген бағалардың өсуі жөндеу-техникалық кәсіпорындарының көрсететін жөндеу қызметтерінің көлемдерін шұғыл қысқартты. Осындай объективті себептерге орай, әсіресе шаруа қожалықтарында машина-трактор паркінің сан жағынан қысқаруы болып жатыр.

Нәтижесінде ауылшаруашылық техникасына техникалық қызмет көрсету мен жөндеу кезінде кәсіптік тәуекелдер деңгейі мен өндірістегі жазатайым оқиғалар саны артуда. Кәсіптік тәуекелдер толып жатқан себептік факторлармен сипатталады, олардың ішінен басты екеуін: қауіпті жағдайлар мен жұмыс орнындағы қауіпті іс-әрекеттерді бөліп көрсетуге болады.

Ауылшаруашылық техникасын жөндеу мен техникалық қызмет көрсетуді жүргізу кезіндегі қауіпті жағдайлар өндірістердің барлық түрлеріне тән қауіпті және зиянды өндірістік факторлардың қызметкерлерге әсер етуімен сипатталады.

Ауылшаруашылық машиналары мен тетіктерін жөндеу мен техникалық қызмет көрсету барысындағы қауіпті кәсіптік тәуекелдерге мыналарды жатқызуға болады:

  • машиналар мен жабдықтардың айналатын және қозғалатын бөліктерінің ашық болуы;
  • жарықтандырушы және бақылау аспаптарының ақаулығы немесе жоқтығы;
  • отынның, майдың, салқындатушы және басқа технологиялық сұйықтықтардың ағуы;
  • жұмыс орнына және қызмет көрсету орындарына қолжетімділік құралдарының  (аяқбасарлар, сатылар, алаңшалар, қоршаулар және т. б.) жоқтығы немесе ақаулығы;
  • электр тартылымы, ток келтіру сымдары мен электрлендірілген қол аспабы оқшауламасының зақымдануы (бұзылуы);
  • жөнделетін машиналарды олардың арасындағы арақашықтықтарды бұзумен орналастыру;
  • жұмыс орындарының бөгде заттармен ыбырсуы және басқалар.

Өндірістік ортаның қауіпті жағдайлары жетілдірілген және қауіпсіз жабдықты пайдаланумен неғұрлым ұтымды технологиялық үдерісті әзірлеу, жасау мен ендіру жолымен жойылады.

Қауіпті іс-әрекеттер – жұмысшылардың белгілі бір санатына қойылатын кәсіптік және қауіпсіздік талаптары нормаларына сәйкес келмейтін іс-әрекеттер.

Ұсталық жұмыстарды орындау кезіндегі негізгі қолайсыз факторлар:

  1. ауаның жоғары температурасы (34–36 °С-қа дейін);
  2. қарқынды  инфрақызыл сәулелену;
  3. зиянды уытты бөлінулер;
  4. шудың жоғары деңгейі.

Ұсталық-баспақтық және жылулық цехтарындағы ауалық ортаны ластайтын зиянды заттар майлау материалдарының, балауыз, эмульсиялардың жану өнімдері, сондай-ақ күкіртті газ, күкіртсутек және басқалар болып табылады.

Ауылшаруашылық машиналарын жөндеу кезінде газбен пісіру жиі пайдаланылады, бұл ретте пісіру үдерісінде оларды іске асырудың уақытына қарай қауіптіліктердің екі түрі туындайды.

Бірінші түрі – лезде іске асырылатын қауіптіліктер, импульстік қауіптіліктер. Олар өндірістік жарақатпен аяқталатын жазатайым оқиғаларға әкеледі.

Екінші түрі – пісірудің бүкіл технологиялық үдерісі бойында әрекет ететін кумулятивті қауіптіліктер. Олардың іске асырылуы уақытынан ерте шаршаушылыққа, адам ағзасындағы болмай қоймайтын өзгерістерге және кәсіптік ауруларға әкеледі.

Газбен пісіру кезінде жұмыс аймағының ауасына адам денсаулығы үшін зиянды газдар, булар, шаң мен металдардың тотықтары шығарылады. Қысымы бар баллондағы оттек, әсіресе минаралдық майлармен, сондай-ақ өсімдіктік және жануар текті майлармен жанасқан кезде жоғары химиялық белсенділікке ие болады. Мырышталған және бояулған бөлшектерді, сондай-ақ жез бен қоладан жасалған бөлшектерді  пісіру және кесу барысында мырыш тотығымен, булармен және қорғасын тотығымен улану мүмкіндігі бар. Булар мен қорғасын тотығы адам денсаулығына зиянды әсер етеді.

Уланулар мен кәсіптік аурулардың алдын алудың негізгі құралы – пісірушінің жұмыс орнында қалыпты ауалық ортаны ұстап тұру. Бұған газбен пісіру жұмыстары кезінде зиянды заттардың булануын азайтумен, сенімді және тиімді желдету құрылғысымен, пісіру мен кесу орнынан жергілікті сорып алуларды қолданумен қол жеткізіледі. Пісіру жұмыстары арнайы жабдықталған жеке үй-жайларда жүргізіледі, олардың көлемі бір жұмыс істеушіге 15 м3-тан кем болмауы тиіс. Мұндай цехтарда табиғи желдетудің тиімділігі аз, өйткені ауаның неғұрлым қарқынды алмастырылуы талап етіледі. Сондықтан ауаны механикалық қозғаумен мәжбүрлеуші ағындық-сорып шығару желдетілуі қолданылады.

Пісіру жұмыстары кезінде арнаулы киім ретінде отқа төзімді сіңірмесі бар брезент костюмді – балағы төмен түсірілетін шалбар, қалталары жабылатын кеудешені, тұмсығы бітеу бәтеңкелер, бас киімді пайдалану қажет. Электрмен пісіру жұмыстарын жүргізу кезінде диэлектрлік бес саусақты қолғаптар мен қолғаптарды, олар құрғақ, майлардың ізі жоқ болуы тиіс, сондай-ақ дулыға-бетперде мен резеңке диэлектрлік кілемшені немесе резеңке диэлектрлік боттарды қолдану міндетті.

Ауыл шаруашылығында камераларды, протекторды жөндеуге немесе алмастыруға байланысты көптеген жұмыстар орындалады. Дөңгелек жөндеу жұмыстарында жазатайым оқиғалар әдетте тиектік сақина шығып кеткен кезде, ауа үрлеу кезінде шинаның жарылуынан, дөңгелектерді қолмен дөңгелету кезінде орын алады. Шина жөндейтін үй-жайлар өрт қауіпті үй-жайларға жатады. Кептіру, желім жағу мен желімдеу  орындарында резеңкелік желім немесе бензин пайдаланылады.

Мұнай өнімдерінің (бензин, керосиннің) от қауіпті және жарылыс қауіпті булары сондай-ақ улы қасиеттерге де ие. Олар ағзаға тыныс алу мүшелері арқылы түсе отырып, улануды туындатуы мүмкін.

Булардың шекті жол берілетін мөлшері:

  • керосин – 300 мг/м3;
  • отындық  бензин – 100 мг/м3.

Бензин буларымен жеңіл улану  оның ауадағы болмашы мөлшерінде  адам 5–10 минут болғаннан кейін басталуы мүмкін.

Ауылшаруашылық техникасы мен тетіктерінің жекелеген түрлеріне, кесуші аспаптарға (кескіштер, дискілік аралар және т. б.) әдетте, дайындаушы-зауыттар оларды пайдалану бойынша әдістемелік ұсынымдар бермейді. Егерде қорғаныстың қандай да бір шаралары бар болса, онда олар тетіктерді пайдалану үдерісінде әрқашан орындала бермейді.

Жұмыс орындарын ұйымдастыру мынадай талаптарға сәйкес келуі тиіс:

  • МемСТ 12.0.003-74 (СТ СЭВ 790-77) «Еңбек қауіпсіздігі стандарттарының жүйесі. Қауіпті және зиянды өндірістік факторлар. Жіктеме (Occupational safety standards system. Dangerous and harmful production effects. Classification)»;
  • МемСТ 12.2.032-78 «Еңбек қауіпсіздігі стандарттарының жүйесі. Жұмыстарды отырып орындау кезіндегі жұмыс орны. Жалпы эргономикалық талаптар (Occupational safety standards system. Operators location in a silting position. General ergonomic requirements)»;
  • МемСТ 12.2.033-78 «Еңбек қауіпсіздігі стандарттарының жүйесі. Жұмыстарды түрегеп тұрып орындау кезіндегі жұмыс орны. Жалпы эргономикалық талаптар (Occupational safety standards system. Operator’s location in a standing position. General ergonomic requirements)»;
  • МемСТ 12.3.002-75 (СТ СЭВ 1728-89) «Еңбек қауіпсіздігі стандарттарының жүйесі. Өндірістік үдерістер. Қауіпсіздіктің жалпы талаптары. (Occupational safety standards system. Manufacturing processes. General safety requirements)»;
  • жұмыстардың нақты түрлеріне арналған қауіпсіздік стандарттары.

Ауылшаруашылық техникасын жөндеу мен техникалық қызмет көрсету кезінде кәсіптік тәуекелдерді басқарудың маңызды тетіктерінің бірі – еңбекті қорғау жөніндегі білім, оны жөндеу кәсіпорындарының қызметкерлері оқыту үдерісінде алулары тиіс. Өндірістік жарақаттанушылықтың негізгі себептерінің қатарында – персоналдың тиісті оқытылмауы да бар. Адамның күнделікті қызметі әлеуетті қауіпті әсер етулердің жиынтығына орай, белгілі бір кәсіптік тәуекелге ұшырайды. Барлық жұмыс бірқатар қауіптіліктермен ұштасады, сондықтан адамның тіршілік қарекеті қауіпсіздігінің қағидаттарын, әдістерін, құралдары мен тәсілдерін міндетті түрде меңгеру – еңбекті қорғауға оқытудың маңызды міндеті.

Еңбек заңнамасына сәйкес кәсіпорында еңбек пен демалыстың ұтымды режімі қолданылуы тиіс. Өндірістік үдерісті ақаусыз өндірістік жабдықтар мен бақылау-инженерлік аспаптармен, сигналдандырумен, қорғаныс құралдарымен, іске қосу аппаратурасымен және еңбектің басқа да құралдарымен және заттарымен ғана бастаған жөн. Кәсіпорында электрлік машиналар үшін жауапты қызметкер болуы тиіс.

Қоршаған ортаға тікелей және жанама түрде жағымсыз әсер ететін ғимараттарды, құрылыстарды, имараттар мен өзге де объектілерді орналастыру, жобалау, салу, жаңғырту, пайдалануға беру, пайдалану, уақытша тоқтату мен жою қоршаған ортаны қорғау саласындағы талаптарға сәйкес жүзеге асырылады.

Радиобелсенді ластану жағдайларында ауылшаруашылық өнімінің өндірісі кезінде арнаулы қызмет радиациялық бақылау жүргізуі тиіс, ол:

  • шаруашылық аумағын;
  • жұмыс орындарын;
  • жем-шөпті;
  • өнімді;
  • өндіріс құралдарын;
  • өндірістік емес сипаттағы үй-жайларды қамтуы тиіс.

Осыны есепке ала отырып, жұмыс беруші еңбекті қорғау жөнінде тиісті нұсқаулықтарды әзірлеуі және бекітуі тиіс.

Кәсіпорындардың қызметкерлерінде арнаулы киім, аяқ киім мен жеке қорғану құралдары болуы тиіс. Қорғану құралдары мен айлабұйымдарын алған кезде қызметкерлер оларды қолдану, ақаусыздығын тексеру бойынша нұсқамадан өтулері тиіс. Арнаулы киім аптасына кем дегенде бір рет залалсыздандырылуы және жуылуы тиіс.

Аумақ радиобелсенді ластану жағдайларында, ауыл шаруашылығындағы радиациялық қауіпсіздік талаптары бойынша қызметкерлердің сыртқы және ішкі сәулеленуін төмендету мен радиологиялық нормативтерге жауап беретін ауылшаруашылық өнімін алуға бағытталған іс-шаралар негізгі іс-шаралар болып табылады.

Қауіпті жұмыстарға:

  1. ауылшаруашылық дақылдарын өңдеу кезіндегі шаң түзілуі жоғары жұмыстар;
  2. өнімді тасымалдау;
  3. өнімді жинап алғаннан кейінгі жетілдіре өңдеу;
  4. топырақтың жоғарғы ластанған қабатын залалсыздандыру және басқалар жатады.

Егер қызметкер өз еңбек функцияларын орындау барысында оның өмірі мен денсаулығына қауіптілік туындаса, ауылшаруашылық кәсіпорнының басшылығы бұл қауіптілікті жою үшін қажет болатын уақытқа оған дереу басқа жұмыс ұсынуы тиіс.            Егер қызметкер еңбекті қорғау жөніндегі нормалар айқын бұзылған еңбек жағдайлары бар жұмысты, немесе еңбек шартымен қарастырылмаған ауыр, қауіпті жұмыстарды орындаудан бас тартса, онда бұл еңбек шартын бұзу немесе тәртіптік жазаға тарту үшін сылтау қызметін атқара алмайды.

  Адам еңбегін қорғау мен еңбек жағдайларын жақсарту міндеті «адам – машина – орта» жүйесін жетілдіру жолымен шешілуі мүмкін. Адам ондағы орталық буын болып табылады, өйткені оның барлық жазатайым оқиғалардың 50-ден 80 %-ға дейінгісі оның қате іс-әрекеттерінің нәтижесінде болып өтеді.

Жеке тұлғалық сипаты бар факторларды үш топқа бөлуге болады:

  1. денсаулығының жай-күйі;
  2. ағзаның функциялық жай-күйі;
  3. жеке психофизиологиялық сипаттамалары (жүйке жүйесінің қасиеттері).

Тұтастай алғанда «адам – машина – орта» жүйесіндегі бірқатар жағдаяттарда денсаулықтың жай-күйі, әсіресе қызмет әдеттегімен салыстырғанда неғұрлым күрделі жағдайларда (асқын жүктеме, жоғары температуралар) өтетін кезде үлкен маңызға ие болады.

Толығырақ оқыңыздар«Қазақстанда еңбекті қорғау», № 1, 2, 2016



Ваша персональная подборка

    Участвуй в наших семинарах

    Школа

    Проверь свои знания и приобрети новые

    Записаться

    Самое выгодное предложение

    Самое выгодное предложение

    Воспользуйтесь самым выгодным предложением на подписку и станьте читателем уже сейчас

    Живое общение с редакцией

    © 2007–2017  «Кадры и охрана труда  МЦФЭР - Казахстан» 

    Все права защищены. Полное или частичное копирование любых материалов сайта возможно только с письменного разрешения редакции  «Кадры и охрана труда МЦФЭР - Казахстан». Нарушение авторских прав влечет за собой ответственность в соответствии с законодательством РК.

    По вопросам подписки обращайтесь:        +7 (727) 323-62-12/13

    По вопросам клиентской поддержки:          +7 (727) 237-77-04

    
    • Мы в соцсетях
    Сайт предназначен для специалистов по кадровому делу, охране труда и делопроизводству

    Чтобы продолжить чтение, пожалуйста 
    зарегистрируйтесь.
    Это бесплатно и займет всего минуту, а вы получите:
    • доступ к 1 500+ полезным статьям
    • 2 500+ актуальных ответов от ведущих экспертов
    • шаблоны документов, пошаговые инструкции
    • ежедневно обновляемая информация
    • приглашение на участие в семинарах и вебинарах 

    У меня есть пароль
    напомнить
    Пароль отправлен на почту
    Ввести
    Я тут впервые
    И получить доступ на сайт Займет минуту!
    Введите эл. почту или логин
    Неверный логин или пароль
    Неверный пароль
    Введите пароль