text
Справочник кадровика

Ұйымдастырылған жастар практикасына байланысты жұмысқа орналастыру

  • 11 октября 2018
  • 10
Ұйымдастырылған жастар  практикасына байланысты жұмысқа орналастыру

Кадр маманы осы жұмыскерлерді қалай ресімдеу керек (практикадан өтушілермен еңбек шарттарын жасасу, бұйрықтар шығару) әлде Алматы қаласының Халықты жұмыспен қамту орталығымен және практикадан өтушілермен еңбек шартын жасасу қажет пе?

Ұйымдастырылған жастар практикасына байланысты (6 ай мерзімге) Алматы қаласының Халықты жұмыспен қамту орталығының жолдамасы бойынша «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017–2021 жылдарға арналған бағдарламасының» қатысушылары болып табылатын студенттер ұйымға жұмысқа орналасады. Осыған байланысты мынаны түсіндіруді өтінеміз: 

  1. Кадр маманы осы жұмыскерлерді қалай ресімдеу керек (практикадан өтушілермен еңбек шарттарын жасасу, бұйрықтар шығару) әлде Алматы қаласының Халықты жұмыспен қамту орталығымен және практикадан өтушілермен еңбек шартын жасасу қажет пе?  
  2. Жастар практикасының қатысушыларына еңбекақы қалай төленеді?

«Алматы қаласының  жұмыспен қамту орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі қала әкімдігінің 2011 жылғы 24 маусымдағы № 2/400 қаулысымен құрылды.

Алматы қаласының  жұмыспен қамту орталығы  (бұдан әрі – ЖҚО) Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының құрылымдық бөлімшесі болып табылады.

ЖҚО келесі қызметтерді көрсетеді:

Азаматтар үшін:

• жұмыс іздеуші және жұмыссыз ретінде жүгінген адамдарды тіркеу;

• лайықты жұмыс іздеу және жұмысқа орналасуға жәрдемдесу;

• қысқа мерзімді кәсіптік оқытуға жіберу;

• кәсіптік бағдарлау жүргізу;

• әлеуметтік жұмыс орындарына, қоғамдық жұмыстарға, жастар практикасына (уақытша жұмыс орындарына) жіберу;

• шағын несие беру бойынша кеңес беру;

• жұмыс күшінің ұтқырлығын арттыру үшін адамдардың ерікті түрде көшіп келуіне жәрдемдесу;

• атаулы әлеуметтік көмек беру.

Жұмыс берушілер және инвесторлар үшін:

  • қажетті жұмысшыларды іріктеуде жәрдемдесу;
  • қалалық еңбек нарығындағы жағдай туралы, халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесу және кадрлармен қамтамасыз ету саласындағы іске асырылатын бағдарламалар, мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы ақпараттандыру;
  • кадрлық қамтамасыз етуге ықпал ету, оның ішінде қала ішіндегі еңбек ұтқырлығын ынталандыру және дамыту, қажетті инвестициялық жобаларды іске асыру үшін басқа субъектілерден білікті еңбек ресурстарын тарту арқылы;

кадрлық қамтамасыз ету, еңбекті қорғау, дамыту, біліктілік, кәсіптік оқыту және қосымша кәсіптік білім беру мәселелері бойынша әдістемелік және консультациялық көмек көрсету.

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2016 жылғы 29 желтоқсандағы № 919 қаулысымен «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017 – 2021 жылдарға арналған бағдарламасы» бекітілді, оның мақсаты халықты нәтижелі жұмыспен қамтуға жәрдемдесу және азаматтарды кәсіпкерлікке тарту болып табылады.

Бағдарламаны іске асыру мынадай үш бағыт бойынша жүргізілетін болады:

1) Бағдарламаға қатысушыларды техникалық және кәсіптік біліммен және қысқа мерзімді кәсіптік оқумен қамтамасыз ету;

2) жаппай кәсіпкерлікті дамыту;

3) халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесу және еңбек ресурстарының ұтқырлығы арқылы еңбек нарығын дамыту.

Бағдарламаның бірінші бағыты әртүрлі санаттағы азаматтардың, оның ішінде, мектеп түлектерін, жұмыссыз жастарды, өзін-өзі жұмыспен қамтығандарды және қысқартылатын қызметкерлерді жаппай оқыту көздейді.

Екінші бағыт үміткерлердің тікелей немесе «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасы филиалдары/ауылдық округтардың және елді мекендердің, қалалар және қалалардың құрамындағы аудандардың әкімдері арқылы консультациялар алу үшін жүгінуін; кәсіпкерліктің негіздеріне оқытуды; 5 және 7 жыл мерзімге дейін кредит (микрокредит) беруді көздейді  (кредиттің ең жоғары сомасы – 8 000 АЕК-ке дейін).

Үшінші бағыт азаматтардың жекелеген санаттарының жұмысқа орналасуында атаулы қолдау көрсетуді, еңбек ресурстарының ұтқырлығын арттыруды және әлеуметтік жұмыс орындарын, жастар тәжірибесін, қоғамдық жұмыстарды ұйымдастыру арқылы еңбек нарығының инфрақұрылымын дамытуды көздейді.

Экологиялық үстемеақылар бойынша төлемдерді есепке алмағанда, салықтарды, міндетті әлеуметтік аударымдарды және пайдаланылмаған еңбек демалысына өтемақыны ескергенде әлеуметтік жұмыс орындарына жұмысқа орналастырылған жұмыссыздардың жалақысына субсидияның ай сайынғы мөлшері жалақының белгіленген мөлшерінен 35 %-ды құрайды, бірақ тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңда айқындалған ең төменгі жалақы мөлшерінен аспайды.

Жастар практикасына жіберілген жеке адамдарға республикалық бюджеттен төленетін еңбекақы мөлшері айына 25 АЕК-ті құрайды (60 125тенге).

Қоғамдық жұмыстар жұмыскердің алдын ала кәсіптік даярлығын талап етпейді және жергілікті бюджеттің қаражат шегінде (56 568 теңге) және жұмыс берушілер қаражатынан олардың өтінімдері бойынша қаржыландырылады. 

Мүгедектерді жұмысқа орналастыру үшін арнаулы жұмыс орындарын құруға,  арнайы жұмыс орнын технологиялық жабдықтармен, еңбек құралымен жабдықтауға байланысты жұмыс берушілердің шығындарын субсидиялау бекітілген қаржыландыру жоспарларына сәйкес және аудандардың (облыстық, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың) бюджетімен осы мақсаттарға көзделген сомасының шегінде жұмыспен қамту орталықтары жүзеге асырады.

 Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2016 жылғы 29 желтоқсандағы № 919 қаулысымен «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017–2021 жылдарға арналған бағдарлама» бекітілген болатын. Осы қаулымен сондай-ақ Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2015 жылғы 30 желтоқсандағы «Үкіметтік бағдарламалардың тізбесін бекіту және Қазақстан Республикасы Yкiметiнiң кейбiр шешiмдерiнің күші жойылды деп тану туралы» № 1136 қаулысына өзгерістер мен толықтырулар енгізілген. 

Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017–2021 жылдарға арналған бағдарламаның жоспарына сәйкес (бұдан әрі – бағдарлама) Бағдарламаның мақсаты халықты нәтижелі жұмыспен қамтуға жәрдемдесу және азаматтарды кәсіпкерлікке тарту болып табылады.

Бұл ретте атқарушы функцияның бірінші бағыты Бағдарлама қатысушыларын  техникалық және кәсіптік біліммен және қысқа мерзімді кәсіптік оқытумен қамтамасыз ету.

Сондай-ақ осы бағытта екі міндет айқындалған:

1-міндет. Еңбек нарығының қажеттілігін есепке ала отырып техникалық және кәсіптік білімі бар кадрларды даярлау.

2-міндет. Еңбек нарығында сұранысқа ие кәсіптер мен дағдылар бойынша жұмысшы кадрларды қысқа мерзімді кәсіптік оқу.

Бағдарламаның бірінші бағытының операторы Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі болып табылады.

Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнама тарапынан Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017–2021 жылдарға арналған бағдарламаны жүзеге асыру жөніндегі іс-шаралар келесі негізгі нормативтік-құқықтық актілерде (НҚА) регламенттеледі:

  1. Қазақстан Республикасының 2015 жылғы 23 қарашадағы № 414-V Еңбек кодексінде (2018.21.07. берілген өзгерістер мен толықтырулармен) (бұдан әрі –ҚР ЕК);
  2. «Білім туралы» 2007 жылғы 27 шілдедегі № 319-III Қазақстан Республикасының Заңында (2018.04.07. берілген өзгерістер мен толықтыруларымен) (бұдан әрі – Білім беру туралы заң)
  3. «Халықты жұмыспен қамту туралы» Қазақстан Республикасының 2016 жылғы 6 сәуірдегі № 482-V Заңында (2018.04.07. берілген өзгерістер мен толықтырулармен) (бұдан әрі – Халықты жұмыспен қамту туралы заң);
  4. «Дуальдық оқытуды ұйымдастыру қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2016 жылғы 21 қаңтардағы № 50 бұйрығында;
  5. «Халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің кейбір мәселелері туралы» Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2016 жылғы 14 маусымдағы № 516 бұйрығында;
  6. Жастар практикасын ұйымдастыру және қаржыландыру қағидаларында (Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2016 жылғы 14 маусымдағы № 516 бұйрығына 3-қосымша) (2018.14.06 берілген өзгерістермен) (бұдан әрі – Жастар практикасын ұйымдастыру және қаржыландыру қағидалары).

ҚР ЕК-нде ҚР ЕК-нің 1-бабының 1-тармағында тиісті тармақшаларында келесі ұғымдар айқындалған:

  • әлеуметтік әріптестік – жұмыскерлер (жұмыскерлердің өкілдері), жұмыс берушілер (жұмыс берушілердің өкілдері), мемлекеттік органдар арасындағы еңбек қатынастарын және еңбек қатынастарымен тікелей байланысты өзге де қатынастарды реттеу мәселелері бойынша олардың мүдделерін үйлестіруді қамтамасыз етуге бағытталған өзара қатынастар жүйесі (7) тармақша);
  • бас, салалық, өңірлік келісім (бұдан әрі – келісім)тараптардың республикалық, салалық және өңірлік деңгейлердегі жұмыскерлер үшін мазмұнын және еңбек жағдайларын, жұмыспен қамтуды және әлеуметтік кепілдіктерді белгілеу жөніндегі міндеттемелерін айқындайтын әлеуметтік әріптестік тараптарының арасында жасалатын жазбаша келісім нысанындағы құқықтық акт (8) тармақша);
  • еңбек қатынастары – Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасында, келісімдерде, еңбек, ұжымдық шарттарда және жұмыс берушінің актілерінде көзделген құқықтар мен міндеттерді жүзеге асыру кезінде жұмыскер мен жұмыс берушінің арасында туындайтын қатынастар (21) тармақша);
  • еңбек қатынастарымен тікелей байланысты қатынастар – ҚР ЕК көзделген жағдайларда еңбекті ұйымдастыру мен басқаруға, жұмысқа орналастыруға, жұмыскерлерді кәсіптік даярлауға, қайта даярлауға және олардың біліктілігін арттыруға, әлеуметтік әріптестікке, ұжымдық шарттар мен келісімдер жасасуға, еңбек жағдайларын белгілеуге жұмыскерлердің (жұмыскерлер өкілдерінің) қатысуына, еңбек дауларын шешуге және Қазақстан Республикасы еңбек заңнамасының сақталуын бақылауға байланысты қалыптасатын қатынастар (22) тармақша);
  • еңбек шарты – жұмыскер мен жұмыс берушінің арасындағы жазбаша келісім, бұған сәйкес жұмыскер белгілі бір жұмысты (еңбек функциясын) жеке өзі орындауға, еңбек тәртіптемесін сақтауға міндеттенеді, ал жұмыс беруші жұмыскерге келісілген еңбек функциясы бойынша жұмыс беруге, ҚР ЕК, Қазақстан Республикасының заңдарында және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік-құқықтық актілерінде, ұжымдық шартта, жұмыс берушінің актілерінде көзделген еңбек жағдайын қамтамасыз етуге, жұмыскерге уақтылы және толық мөлшерде жалақы төлеуге міндеттенеді (36) тармақша);
  • жұмыс беруші –  жұмыскер еңбек қатынастарында болатын жеке немесе заңды тұлға (39) тармақша);
  • жұмыскер –  жұмыс берушімен еңбек қатынастарында тұратын және еңбек шарты бойынша жұмысты тікелей орындайтын жеке тұлға (43) тармақша);

ҚР ЕК 19-бабына сәйкес еңбек қатынастары субъектілері жұмыскер мен жұмыс беруші болып табылады.

Бұл ретте Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жағдайларды қоспағанда, еңбек қатынастары жұмыскер мен жұмыс берушінің арасында ҚР ЕК сәйкес жасалатын еңбек шартының негізінде туындайды (ҚР ЕК 21-бабының 1-тармағы).

Аталмыш сұрақтың аспектінде еңбек қатынастарымен байланысты әлеуметтік серіктестік болып табылатын қатынастар қаралып отыр.  

Атап айтқанда, ҚР ЕК 147-бабына сәйкес мемлекет атынан тиісті атқарушы органдар, жұмыскерлер мен жұмыс берушілер атынан белгіленген тәртіппен уәкілеттік берілген олардың өкілдері әлеуметтік әріптестік тараптары болып табылады.

Алдағы уақыттағы еңбек қызметі үшін кадрларды дайындау нысанының бірі, оның ішінде әлеуметтік серіктестік аясында, дуальдық оқыту болып табылады.

Білім беру заңының 1-бабының 19-1) тармақшасына сәйкес дуальдық оқыту  кәсіпорынның (ұйымның), оқу орнының және білім алушының тең жауапкершілігі кезінде білім беру ұйымындағы оқытуды білім алушыларға жұмыс орындарын ұсынып және өтемақы төлемін төлей отырып, кәсіпорындағы (ұйымдағы) өндірістік оқыту мен кәсіптік практиканың міндетті кезеңдерімен ұштастыратын кадрлар даярлау нысаны болып табылады.

Халықты жұмыспен қамту туралы заңның 1-бабының 9) тармақшасында жастар практикасы – техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары, жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарының түлектері алған кәсібі (мамандығы) бойынша бастапқы жұмыс тәжірибесін жинақтау мақсатында жүзеге асыратын еңбек қызметінің түрі деп белгіленген.

Бағдарламаның қатысушыларына мемлекеттік қолдау шараларының бірі осы қатысушылардың жұмыспен қамтылуын қамтамасыз ету мақсатында берілетін жастар практикасын ұйымдастыру болып табылады (5.3.1 бөлігі).

Тиісінше, жастар практикасы білім беру ұйымдары түлектерінің меңгерген кәсібі (мамандығы) бойынша бастапқы жұмыс тәжірибесін алуы мақсатында түлектер үшін ұйымдастырылады.

Бұл ретте Бағдарлама аясында жастар практикасы меңгерген кәсібі (мамандығы) бойынша техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары, жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарының, оқуды аяқтаған кейінгі үш жыл ішіндегі және жиырма тоғыз жастан аспаған түлектері қатарындағы жұмыссыздарға арналған.

Мемлекеттік бағдарлама аясында жастар практикасы барлық меншік нысанындағы кәсіпорындар мен ұйымдарда ұйымдастырылады, бұл ретте салық және басқа да әлеуметтік аударымдарды ұдайы жүргізетін, жалақы бойынша мерзімі өткен берешегі жоқ және бір жылдан астам қызмет ететін жұмыс берушілердің қатысуына жол беріледі.

   Жастар практикасы тұрақты жұмыс орындарынан тыс және бос тұрақты жұмыс орындарынан тыс жүргізілетінін атап өтсе болады.

Сонымен қатар, жастар практикасы бойынша жұмыс орындарының саны шектелмейді.

Бұл ретте жастар практикасы бойынша жұмыс уақытша сипатқа ие болады. Жастар практикасының ұзақтығы алты айдан аспайды.

Халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі жергілікті атқарушы орган:

  • жастар практикасын ұйымдастыруға сұраныс пен ұсынысты қалыптастырады;
  • жастар практикасын ұйымдастыруға өтінім берген өңірлердегі ұйымдардың тізбесін, білім беру ұйымдары түлектерінің қатарынан тартылатын жұмыссыздардың санын, олардың еңбек жағдайын және еңбегіне ақы төлеу мен қаржыландыру көздерін айқындайды.

 Халықты жұмыспен қамту орталығы бекітілген тізбеге сәйкес жұмыссыздарды жұмысқа орналастыру үшін жастар практикасын қаржыландыруға жұмыс берушімен шарт жасасады.

     Жұмыс беруші Халықты жұмыспен қамту орталығымен жасалған шарт негізінде жастар практикасын өту үшін жұмыс орындарын құрады. Жұмыс орындары түлектердің білім беру ұйымдарында меңгерген кәсібіне (мамандығына) сәйкес келеді.

      Жастар практикасына қатысу үшін жұмыссыздар халықты жұмыспен қамту орталықтарына Жастар практикасын ұйымдастыру және қаржыландыру қағидаларына сәйкес нысан бойынша өтініш береді.

Халықты жұмыспен қамту орталықтары жұмыссыздарға жастар практикасын өту мәселесі бойынша консультация береді және олар келіскен жағдайда жастар практикасына жолдама береді.

      Жұмыс беруші халықты жұмыспен қамту орталығына жұмысқа қабылдағаны немесе қабылдаудан бас тартқаны туралы хабарлайды.

      Жұмыс беруші мен жастар практикасына қатысатын жұмыссыз арасында еңбек шарты жасалады.

     Жастар практикасына жіберілген жұмыссыздарға Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасы қолданылады.

    Бос орын пайда болған кезде және қатысушының келісімімен жасалған еңбек шартының мерзімі аяқталғанға дейін жастар практикасына жұмыс берушінің бастамасы бойынша тұрақты жұмысқа орналастыруға рұқсат беріледі. Бұл ретте жұмыс беруші халықты жұмыспен қамту орталығына Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасында белгіленген мерзімдерде тұрақты жұмысқа қабылдау туралы бұйрықтың көшірмесін жолдайды.

Жұмыс беруші жастар практикасына қатысушыға кәсіптік білімі мен жұмыс тәжірибесін беру үшін тәжірибелі қызметкерлер қатарынан тәлімгерді бекітеді.

Жұмыс берушілер жастар практикасын ұйымдастырудың белгіленген тәртібін бұзған жағдайда жастар практикасына қатысушыларға жалақы төлеуге мемлекет жұмсаған шығыстарды жұмыс берушілердің бюджетке өтеуімен олармен жасалған тиісті шарт бұзылуға тиіс.

Жастар практикасын қаржыландыру республикалық немесе жергілікті бюджет қаражаты есебінен, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған басқа да көздерден жүзеге асырылады. Түлектер қатарындағы жастар практикасына қатысушыларға жалақыны қаржыландыру еңбек шартына сәйкес алты ай ішінде жүзеге асырылады.

  Республикалық немесе жергілікті бюджеттен айына субсидиялау, экологиялық үстемеақылар бойынша төлемдерді қоспағанда, мөлшері 25 айлық есептік көрсеткішті (салықтарды, міндетті әлеуметтік аударымдарды, пайдаланылмаған еңбек демалысына өтемақыларды және банк қызметтерін ескергенде) құрайды.

Жергілікті бюджет қаражаты есебінен жастар практикасына жіберілген жеке тұлғалардың еңбекақысын қоса қаржыландыру және субсидиялау жергілікті атқарушы органдардың шешімі бойынша жүзеге асырылады.

Атап айтқанда, Жастар практикасын ұйымдастыру және қаржыландыру қағидаларының 28-тармағына сәйкес жастар практикасын қаржыландыруды жұмыс берушілермен жасалған шарттар негізінде, ай сайын қаржыландырудың бекітілген жоспарларына сәйкес және осы мақсаттарға аудандардың (облыстық, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың) бюджеттерімен көзделген сомалар шегінде не Қазақстан Республикасының заңнамаларында тыйым салынбаған өзге көздерден сомалар шегінде халықты жұмыспен қамту орталығы жүзеге асырады.

   Бұл ретте қаржыландыру жоспарлары «Бюджеттің атқарылуы және оған кассалық қызмет көрсету ережесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2014 жылғы 4 желтоқсандағы № 540 бұйрығының негізінде жүзеге асырылады.

   Жастар практикасына қатысушылардың еңбекақысын жұмыспен қамту орталығы ай сайын, жұмыс беруші жұмыссыз азаматтарға арналған Жастар практикасын қаржыландыру туралы шартқа 2-қосымшаға сәйкес нысан бойынша ұсынған жастар практикасына қабылданған жұмыссыздар туралы мәліметтері негізінде, еңбек шартында белгіленген мөлшерге қарай жүргізеді және жастар практикасына қатысушылардың екінші деңгейдегі банктерде ашылған ағымдағы шоттарына (карточкалық) ақшалай қаражат аудару арқылы жүзеге асырады (Жастар практикасын ұйымдастыру және қаржыландыру қағидаларының 29-тармағы).

Алматы қалалық халықты жұмыспен қамту орталығы «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017 – 2021 жылдарға арналған бағдарламасын» жүзеге асыру аясында 2019 жылға жұмыспен қамту белсенді шараларына қатысуға ниет білдірген жұмыс берушілерден өтінім қабылдаудың басталғаны туралы хабарлайды.

Іріктеу келесі бағдарламалар бойынша жүзеге асырылады: қоғамдық жұмыстар, жастар практикасы және әлеуметтік жұмыс орындары. Қатысуға өтінімді 2018 жылғы 1 қарашаға дейін мына мекенжай бойынша беру қажет: Назарбаев даңғылы, 50.

Анықтамалар мына телефондар бойынша: 8 (727) 341-04-60 (ішкі 1018, 1019, 1027). 

Участвуй в наших семинарах

Школа

Проверь свои знания и приобрети новые

ЗАПИСАТЬСЯ

Самое выгодное предложение

Самое выгодное предложение

Воспользуйтесь самым выгодным предложением на подписку

ПОДРОБНЕЕ
Мы в соцсетях
Внимание!

Для скачивания файла необходима регистрация или авторизация

У меня есть пароль
напомнить
Пароль отправлен на почту
Ввести
Введите эл. почту или логин
Неверный логин или пароль
Неверный пароль
Введите пароль
Я тут впервые
Это займет не больше 1 минуты
Зарегистрироваться